Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Польша Республикасының Қазақстан Республикасындағы Уақытша сенімді өкілі Михал Лабендамен ресми кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар инвестиция тартып, өнеркәсіп, ғылым және туризм салаларындағы әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесуде өңірдің туристік әлеуетіне ерекше назар аударылды. Польшалық дипломат Шығыс Қазақстанның табиғаты мен белсенді демалыс мүмкіндіктеріне жоғары қызығушылық білдірді:
«Сіздердің өңірде тау-шаңғы туризмі өте жақсы дамыған. Біздің туристер демалыстың мұндай түрін қатты ұнатады», — деп атап өтті Михал Лабенда.
Аймақтың туристік мүмкіндіктерін Польша аудиториясына кеңінен таныстыру үшін дипломат бірлескен бейнеролик дайындауды ұсынды. Сонымен қатар, ол Өскемен қаласынан алған жеке әсерімен бөлісіп, оның әдемі әрі қауіпсіз қала екенін тілге тиек етті.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов туристік бағытты бірлесе дамыту бастамасын толық қолдап, польшалық тараппен өзара ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Дереккөз: Altainews