Шығыс Қазақстан облысының делегациясы сәуір айының алғашқы күндерінде Қытайға жұмыс сапарымен барып, өңіраралық ынтымақтастықтың практикалық кезеңге өткенін растады. Күн тәртібінің негізінде Мемлекет басшысының ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесуі барысында белгілеген міндеттері – инвестиция тарту, өнеркәсіптік кооперацияны, инфрақұрылымды және туризмді дамыту мәселелері тұр.
Өзара іс-қимылдың түйінді мәселелері Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы төрағасының орынбасары Чжу Лифа мен делегацияны бастап барған ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтің кездесуінде қаралды. Тараптар трансшекаралық туризмді дамытуға, соның ішінде Үрімжі мен Шығыс Қазақстан арасындағы әуе қатынасын кеңейтуге, сондай-ақ сауда және шекара маңындағы өткізу пункттерінің жұмыс істеу мәселелеріне ерекше назар аударды.

Фото: «LITER» газеті
Бақытжан Байахметов атап өткендей, екі ел көшбасшылары – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин деңгейіндегі сенімді диалог сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге қолайлы жағдай жасауда. ШҚО стратегиялық маңызды шекаралас аймақ ретінде бұл әріптестіктің практикалық нәтижелерін қазірдің өзінде сезінуде. Тауар айналымы артып, бірлескен жобалар дамып, бизнес-қоғамдастықтар арасындағы байланыс нығайып, туристер ағыны өсуде.
«Қазақстан үшін ҚХР-мен шекаралас аймақтарда инфрақұрылымды дамыту маңызды. Сондықтан ШҚО-да өңірлік өзара байланысты және трансшекаралық логистиканы дамытуға бағытталған шаралар қабылданып жатыр. Катонқарағай және Зайсан аудандарында жаңа әуежайлар салынуда. Бұл жобалар туристердің жайлы әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ іскерлік белсенділікті ынталандыруға және қытайлық кәсіпкерлермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған», – деп атап өтті ШҚО әкімінің орынбасары.
Сапардың маңызды қорытындысы ШҚО мен СҰАР арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды. Құжат инвестиция тартуға, туристік ағынды арттыруға және бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған. Рәсімге бизнес өкілдері, соның ішінде «Пасека» шаруа қожалығының басшысы және Шығыс Қазақстан Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Туризм кеңесі қатысты.
Сапар аясында шығысқазақстандық делегация бірқатар B2B кездесулер өткізіп, өндірістік алаңдарды аралады және салалық талқылаулар жүргізді. Делегация цифрлық бақылау жүйесі енгізілген жылу энергетикалық компаниясының жұмысымен танысты: тұрғын үйлердегі датчиктер температураны онлайн режимде тіркеп, мәліметтер бірыңғай орталыққа түседі. Мұндай тәсіл ауытқуларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді және ШҚО-да енгізу үшін перспективалы ретінде қарастырылуда.
Шекара маңындағы инфрақұрылымды дамыту басымдықтардың бірі болып қала береді. Өңір өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыру және сауда жағдайын жақсарту бағытында жұмыс істеп жатыр. Бүгіннің өзінде рәсімдерді жеңілдету және визасыз режим өз жемісін беруде: ынтымақтастықтың маңызды дәлізіне айналған «Зимунай» өткізу пункті арқылы өтетін туристер саны артып келеді.
Сонымен қатар, ШҚО-да туризмге жаңа тәсілдер қалыптасуда. Негізгі жобалардың бірі – Марқакөл және Қанас көлдерін біріктіретін трансшекаралық маршрут құру. Бұл бағыт жаңа халықаралық брендке айналып, Шығыс Қазақстан аймағының туристік тартымдылығын арттыруы мүмкін.
Осымен қатар, ШҚО өкілдері — олардың арасында мемлекеттік қызметшілер де, кәсіпкерлер де, облыстың тіршілікті қамтамасыз ететін негізгі кәсіпорындарының басшылары да бар — жол және сервис инфрақұрылымын жаңғырту тәжірибесін зерделеді.
Тау-кен металлургия кешенінде де ынтымақтастықтың жоғары әлеуеті сақталуда. Шығыс Қазақстан түсті және сирек металдардың қомақты қорына ие, бұл заманауи және экологиялық технологияларды қолдана отырып, бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Шикізатты терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық беріледі.
Тараптар ғылыми-техникалық өзара іс-қимылға — тәжірибе алмасуға, кадрлар даярлауға және инновациялық шешімдерді енгізуге ерекше назар аударды. Бұл бағыт кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етудің кепілі ретінде қарастырылады.
Перспективалы бағыттардың қатарында — «Бір белдеу — бір жол» бастамасына қатысу, машина жасауды, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді және «жасыл» энергетика саласындағы жобаларды дамыту бар.
Сапар барысында делегация сүт өндіру кәсіпорнында және СҰАР-дың ірі жол құрылысы компаниясында болды. Келіссөздер қорытындысы бойынша жол инфрақұрылымы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. ШҚО автомобиль жолдары басқармасының қазақстандық мамандары құрылыстың заманауи технологиялары мен тез тұрғызылатын конструкцияларды салу шешімдерін зерттеді.
Ағымдағы жылға бірқатар маңызды іс-шаралар, соның ішінде Қазақстан-Қытай өңіраралық ынтымақтастық форумы және Алтай өңіріндегі өзара іс-қимыл жөніндегі конференция жоспарланған. Бұл алаңдар іскерлік байланыстарды дамытуға және бірлескен жобаларды кеңейтуге қосымша серпін береді деп күтілуде.
Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысы мен Шыңжаң арасындағы өзара іс-қимыл жүйелі түрде құрылуда. Өнеркәсіптік әлеуеттің, логистикалық мүмкіндіктердің және туристік ресурстардың ұштасуы ұзақ мерзімді және өзара тиімді әріптестіктің негізін қалайды.
Дереккөз: Редакция Liter.kz
Аударма: VisitEastKz