Өскеменде қатарынан екінші жыл KAZ MINERALS HALF MARATHON халықаралық жартылай марафоны өтті. Биыл жарыс жолына 1 400 қатысушы шықты, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп.
Қатысушылардың басым бөлігін Өскемен қаласының тұрғындары құрады. Дегенмен, жарысқа Астана, Алматы, Семей және Павлодар сияқты еліміздің ірі қалаларынан келген спортшылар да қатысып, жоғары қарқын берді. Сондай-ақ, марафон әлемнің 11 елінен, оның ішінде ОАР, Перу, Ресей, Қырғызстан, Израиль, Франция және АҚШ-тан келген желаяқтардың басын қосты.
Жарыс бағыты Ертіс өзенінің жағалауымен өтіп, қатысушыларға спорттық сайыспен қатар қаланың әдемі табиғатын тамашалауға мүмкіндік берді.
Биылғы жарыстың басты ерекшелігі — трассалардың халықаралық стандарттар бойынша сертификатталуы. 7 және 10 шақырымдық екі қалалық трасса халықаралық сертификациядан өтіп, беделді IMC сертификатын алды. Бұл спортшыларға осындай деңгейдегі жарыстарға автоматты түрде қатысу құқығын береді.
Жарыстың жалпы жүлде қоры 7,5 миллион теңгені құрады, бұл Қазақстандағы ең ірі жүлде қорларының бірі. Ерлер мен әйелдер бөлек марапатталды. Сонымен қатар, жас ерекшеліктеріне қарай арнайы сыйлықтар тағайындалды.
Әр қашықтық бойынша жеңімпаздарға берілген ақшалай сыйлықтар:
5 км қашықтық: 150 000 теңге;
10 км қашықтық: 300 000 теңге;
Жартылай марафон: 500 000 теңге.
.jpeg)
Фото: Altainews.kz