26 қыркүйекте Өскемендегі Солжағалау кешенінің аумағында Дүниежүзілік туризм күніне орайластырылған TourEast ALTAI жыл сайынғы туристік фестивалі өтті. Бас демеушісі «Қазцинк» компаниясы болған бұл іс-шара халықаралық деңгейге көтеріліп, туризм индустриясының өкілдерін, сарапшыларды, спортшылар мен әлемнің 20-ға жуық елінен келген қонақтардың басын қосты.
.jpg)
17 мемлекеттен келген шетелдік делегаттар өңірмен танысуды Шығыс Қазақстан этностарының үйлері орналасқан бірегей этноауылды аралаудан бастады. Достық пен туристік байланыстарды дамытудың белгісі ретінде халықаралық делегация Солжағалау кешенінің саябағында естелік ағаштар отырғызды.

Инвестициядан бастап ауқымды көрмеге дейін Фестивальде іскерлік бағдарламаға ерекше назар аударылды. ШҚО Туризм және инвестициялар басқармасының мәліметінше, сарапшылар диалог алаңында халықаралық тәжірибе алмасу, заңнаманы жетілдіру және бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын талқылады. Сондай-ақ, тау шаңғысы курорттарын, бес жұлдызды және wellness-қонақүйлерді, пантомен емдеу нысандарын салуға инвестиция тарту мәселелері жеке қаралды.
Сонымен қатар, 20 бейінді компанияны біріктірген ауқымды көрме аймағы жұмыс істеді. Мұнда РФ Алтай өлкесі мен Моңғолиядан келген қатысушылар, сондай-ақ жергілікті туризм индустриясының өкілдері өздерінің туристік әлеуетін ұсынды. Өңірдің табиғи байлығын Батыс Алтай және Марқакөл қорықтары, сондай-ақ Катонқарағай ұлттық табиғи паркі паш етті.
Туроператорлар, қонақүйлер мен демалыс базалары: Hyatt қонақүйі, «Заречье» эко-отелі, Altay Mountain Resort, «Вояж», «Altay-Pro.kz», «Drivejeepkz», «KatonKaragay Tour» компаниялары өздерінің бірегей өнімдерін, қызметтері мен орналастыру орындарын таныстырды. Сонымен бірге, «Adventure VKO» тікұшақ турларын және «БЕЛАЛЕКС» өзен серуендерін ұйымдастырушылар да өз мүмкіндіктерін көрсетті.

Белсенді демалыс және отбасылық шаралар Қала тұрғындары үшін мазмұнды спорттық бағдарлама әзірленді. Белсенді демалысты ұнататындар заманауи кемпингке арналған туристік жарақтармен танысып, жергілікті жерде бағдарлаудан өз күштерін сынап көрді, сондай-ақ жорыққа дайындалу бойынша пайдалы кеңестер алды.
Жас туристерге арналған аймақ көпшіліктің ықыласына бөленді. Мұнда «Антарес» клубы отбасылық квест пен туристік кедергілер жолағын ұйымдастырды. Балалар ептілік пен жылдамдыққа арналған кезеңдерден өтіп, жорыққа дайындық негіздерімен танысты.
— Фестивальде балаларға арналған бөлек бағдарламаның болғаны өте керемет. Балаға тек қарап қана қоймай, кедергілерден өзі өтіп көру, жаңа нәрсе үйрену және өзін нағыз турист ретінде сезіну өте қызық. Мұндай іс-шаралар бүкіл отбасын біріктіреді, — деп бөлісті қала тұрғыны Асхат Жұмабаев.
Гастрономиялық алаңда қонақтар «MEDOVAYA MARKA» брендінің балдан жасалған суперфудтары мен Катонқарағайдың шөп шайларынан дәм татып, шай-бал рәсіміне қатыса алды.
Фестиваль бас сахнадағы салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталды. Бейінді номинациялар бойынша облыстық байқау жеңімпаздарына және туризмнің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға лайықты марапаттар мен алғыс хаттар табысталды.
(ШҚО әкімінің баспасөз қызметінің материалдарын пайдалана отырып дайындалды).