Қиын-Керіш шатқалына апаратын туристік бағыт жақсартылды

Шығыс Қазақстанның ең экзотикалық әрі сырлы туристік мекендерінің бірі саяхатшылар үшін қолжетімдірек бола түсті. Күршім ауданында танымал Қиын-Керіш шатқалына баратын жолға бағыттауыштар орнатылып, инфрақұрылымы ретке келтірілді.

Қиын-Керіш шатқалы — Зайсан қазаншұңқырындағы 300 гектар аумақты алып жатқан таңғажайып табиғи геологиялық ескерткіш. Жаңбырдан кейін пішінін өзгертіп отыратын қызыл, сары, ақ түсті сазды каньондары үшін саяхатшылар бұл жерді «Жердегі Марс» деп атайды. Жаз айларында мұнда Қазақстаннан және Ресей, Австрия, Бельгия, АҚШ сияқты алыс-жақын шетелдерден 10-нан 20 мыңға дейін турист келеді.

Бұған дейін далалық жолдардың арасынан бұл нысанды табу оңайға соқпайтын. 2026 жылдың жазында Күршім ауданының әкімдігі 3 миллион теңге бөліп, бағытты көркейту жұмыстарын жүргізді. Шатқалға апаратын жолға 12 жол көрсеткіші, саяхатшыларға арналған 2 самалжай және қазақ пен орыс тілдеріндегі ақпараттық стендтер орнатылды.

Қиын-Керіш ыстық әрі сусыз сазды шөлде орналасқандықтан (ең жақын су көзі 7 шақырым жердегі Аманат ауылында), аудан билігі туристерді орналастыру мәселесін де қарастыруда. Экотуризмді дамыту үшін қонақ үйлерін салуға жер телімдері бөлінген, сонымен қатар оңтүстік өңірлерден көшіп келушілерге маңайдағы ауылдардағы үйлерді жөндеп, саяхатшыларды қабылдауға арналған бизнес ашу ұсынылуда.

Дереккөз: YK-news.kz

28/09/2026 10
Выделите опечатку и нажмите Ctrl + Enter, чтобы отправить сообщение об ошибке.