6-8 қараша аралығында Үрімжі қаласында (ҚХР) 20-шы Шыңжаң халықаралық қысқы туристік көрмесі өтіп, оған Шығыс Қазақстан облысының делегациясы қатысты. Өңір өзінің қысқы және белсенді демалыс потенциалын, сондай-ақ Алтайдың табиғи көрікті жерлерін таныстырды.
7 қарашада көрме аясында Қазақстан, Қытай және Моңғолия өкілдерінің қатысуымен Алтай айналасындағы субрегионалдық туризм альянсы қатысушыларының халықаралық кездесуі өтті. Шығыс Қазақстан облысының атынан ШҚО Туристік ақпараттық орталығы басшысының орынбасары Талғат Дәулетов, Марқакөл ауданы әкімдігінің өкілі және «Katonkaragay Tur» туроператоры құрамындағы делегация қатысты.
.jpeg)
Кездесуге қатысушылар трансшекаралық туризмді дамытуды, Алтай айналасында бірыңғай автокөлік сақиналы маршрутын құруды, бірлескен турөнімдерді әзірлеуді және 2027 жылы үшжақты таныстыру турын ұйымдастыруды талқылады.
Қатысудың басты нәтижесі ШҚО Туристік ақпараттық орталығы мен ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданының Туризм қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды. Құжат туристік потенциалды бірлесіп жылжытуға және жаңа трансшекаралық маршруттарды дамытуға бағытталған.
